Атырауда қазір Әзірбайжан капиталы бар 42 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында металл өңдеу, дәрігерлік қызмет көрсету, дайын тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын компаниялар бар. Жыл басынан бері қос тарап арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд АҚШ долларына жетті. «Біз әріптестік қарым-қатынас орнату үшін Атырауға ірі трансұлттық компаниялардың өкілдерін әкеліп жатырмыз. Аймақтың экспорттық әлеуетін зерттегіміз келеді» деді елші.
Облыста жалпы аумағы 210 га индустриалды аймақ құрылып жатыр. Инвесторларға жағдай жасау үшін инфрақұрылымды мемлекет жүргізіп береді. Әлемдік стандарттарға сай өнеркәсіптік-өндірістік кешен құру бағытында жоспарланған шаралар да бар. Инвесторлар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясы АҚ-мен бірлесіп әр түрлі салада инвестициялық жобаларды жүзеге асыра алады. Бұл ретте бірігіп жұмыс істеу кезінде ұлттық компанияның үлесі 49 пайыздан аспауы керек.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.